Ауа райы
Мерекелер


Кардиохирургтар көптің алғысын алып жүрАрал ауданының тұрғыны Ерхан Тілеубергенов(суретте)жүрегі ауыратын болғандықтан, екі жылдан бері есепте тұрады. 2013 жылы аудан емханасындағы дәрігер ревматологке қаралған. Осы жылы мүгедектікке өтетін болады. Әрі жиі ентігіп, шаршап-шалдығуы жиілеген соң емхананың есігін қайта қағады. Кардиологқа көрінген кезде ол бағытты ревматологке сілтейді. Аудан емханасында ревматолог маманның тапшылығынан ол қалаға қарай тартуға бел буады. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде.

Сөйтіп облыстық медицина орталығына келіп, жүрегін УЗИ-ге түсіреді. Ондағы маман кардиохирургия бөлімі­нің меңгерушісі Берік Дәуітбаевқа шығарылған нәтижені оқытып алыңыз деп кеңес береді. Қолына бір жапырақ қағазын ұстап, іле-шала кар­диохирургтың кабинетіне кіреді. Гиппократ антына берік дәрі­гер оны жылы жүзбен қар­сы алады. Кардиограмманы кө­ріп, дереу ауруханаға жату керектігін жеткізеді. «Экстренный» науқас ретінде. Себебі Ерханға тез арада жүрегі­нің екі қақпашасын ауыстырмаса, жағдай кейін қазіргіден де күрделеніп кететінін айт­қан. Осылайша апыл-ғұпыл бір аптаның ішінде оның жүре­гіне ота жасалады.

- Операция сәтті өтті. Жүрек ауруына шалдығуына ревматизмнің әсері болған. Жасан­ды қақпашаны 20 жыл бойы ауыстырмай, жүре беруге болады. Операция осыдан екі апта бұрын жасалды. Нау­қас жақын күндері ауруханадан шығады. Негізі жүрек ауруына көбіне темекі тарту, аз қозғалыс жасау, тамақты көп жеу, жатар кезде үнемі тамақтану әкеп соға­ды. Стресс те әсер етуші фактор­. Қан қысымының көтерілуі тағы бар. Адамдар үнемі асығып жүреді. Баланы балабақшаға апарып тастау­ керек, үйден жұмысқа ерте қайту керек деп. Бұлардың барлығы да өз әсерін тигізбей қоймайды,- деді бөлім меңгеру­шісі Берік Русланұлы.

«Бала күнімізде құлап қалып, балтырымыз тартылып қалса, мән бермей жүре беруші едік», - дейді Ерхан. Операцияға кірер сәтте толқынысты бастан кешір­генін, қалай болады екен деп қам жегенін де жасырмады. Сегіз сағатқ­а созылған ота кезінде салмағына қарай наркоз бергендіктен, ол кезде қаннен-қаперсіз жатқанын айтты. Есін жиғаннан кейін жүрегінің мазалауы сап тыйылған. Денсаулығын қайта қалпына келтіріп берген ақ халаттыла­рға Ерханның айтар алғысы шексіз.

Дәрігер Берік Русланұлының айтуынша, макарон тағамын біркелкі дастарқаннан түсірмеу жүрек ауруының басталуына өз ықпалын тигізе алады. Оның орнына жеміс-жидек, балық секілді теңіз өнімдерін тұтыну иммунитетті күшейтеді. «Бүгінде республикалық интернет сайттар жүрек ауруы жасарып барады деп дабыл қағып жатыр. Біздің өңірде бұл көрсеткіш қалай?» дегенімізде, дәрігер: «Мұндай көрсеткішті скрининг­тік тексерумен тікелей байла­ныс­тыруға болады. Мәселен, жалпылама тексеру өтеді. Сол кезде анықталады. Ал жалпы біздің об­лыс­ымызда жүрек ауруы­на шалдығатындардың 90 пайызы – үлкен кісілер. Сондай-ақ бұл ауру бойынша біздің республи­калық көрсеткішіміз ортаңғ­ы деңгейде», - деді.

Әңгімесін әрі қарай жалғаған дәрігер экологиялық ахуалдың жүрек ауруына шалдығуға еш қатысы жоқ екенін жеткізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның мәлі­метінше, миллион адам­ға шаққанда жүрекке мың операция жасалуы керек. Ал біздің облысымызда 700 адам­ға­ ашық операция жасалуы тиіс. Мысалы, аймағымызда бір жылдың ішінде 100-150 адамға ота жасалады екен. Дәл осындай өзге науқастар басқа облыс орталықтарына жіберіледі. Егер науқастың жағдайы тым ауыр болса, Алматыдан санитарлық авиация шақыртылады. Біз­дегі дәрігерлер қан тамырларын және жүрек қақпақшасын ауыстырады. Сондай-ақ туабітті ақауларға операция жасайды. Операция құны екі миллион теңгені құрайды. Бұл қаржыны өтеуді мемлекет өз мойнына алып отыр. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өт қалтасын алып тастау отасы 150 мың теңгег­е пара-пар. Осыдан-ақ жүрекке жасалатын отаның қаншалықты қымбат тұра­тынын бағамдай беріңіз. Елімізде жүрек ауыстыру отасы бір ғана жерде, Юрий Пя басқаратын Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жасала­ды. Біздің облыстық медицина орталығындағы кардиоло­гтар да ешкімнен кем емес. Үнемі шетелге барып, білімін жетілдіріп келіп отырады. Соның арқасында Берік Русланұлы бастаған дәрі­герлер Ерхан секілді талай­ жанның алғысын арқалап жүр.

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=4807%3A2015-11-12-04-40-59&catid=5%3A2011-11-18-09-02-24&Itemid=5