Ауа райы
Мерекелер

АҚТӨБЕДЕ ЖҮКТІ ӘЙЕЛГЕ БІР МЕЗЕТТЕ ЕКІ БІРДЕЙ ОТА ЖАСАЛДЫАқтөбелік дәрігерлер миына қан құйылған жүкті әйелдің өмірін сақтап қалды. Оның мерзімінен ерте туған сәбиі Айлин де аман-есен.

Темірлік Гүлзада Ақбалина жүктіліктің сегізінші айында аяқ астынан инсульт алады. 26 жастағы келіншек содан бірер күн бұрын жиенінің үйлену тойында қызмет көрсеткен екен. Тойдан келген түні Гүлзада басы қатты ауырып, есінен танып қалғанын айтады. Туыстары жедел жәрдем қызметін шақырады. Алайда, аудандық аурухана дәрігерлері аурудың нақты себебін анықтай алмаған. Жағдай ушыққандықтан, Гүлзада санавиациямен Ақтөбеге жеткізілді.

- Дәрігерлерді жинап, шұғыл жиналыс өткіздік. Миына қан құйылып кеткен екен. Жағдайы өте ауыр еді. Әйелден де, құрсақтағы шаранадан да айрылып қалуымыз мүмкін еді. Гинеколог Владимир Абраменко 10 минуттың ішінде кесарь тілігін жасап, әйелді босандырып алды. Қыз бала. Салмағы 2 келі 750 грамм. Сол бойда Гүлзаданың басына да ота жасадық,-дейді Ақтөбе облыстық ауруханасының бас дәрігері Самат Данияров.

Басына ота жасалғаны Гүлзаданың есінде жоқ. Өйткені,ол бір тәуліктей ес-түссіз жатыпты. Кейін бір аптаға жуық уақыт жансақтау бөлімінде болған. Қазір неврология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
- Темір ауданына қарасты Жамбыл ауылында тұратын жиенімнің үйлену тойына барғанбыз. Үйге келгеннен кейін басым қатты ауырып, құса бастадым. Күйеуім қалада жұмыста болатын. Бірнәрсені сезген болар, апам мен жездем де үйге ертерек қайтыпты. Солар жедел жәрдем шақырды. Бұрын да басым ауыратын. Әрі балабақшада жұмыс істеймін. Той кезінде физикалық тұрғыдан шаршағаным жоқ. Мүмкін, жүйкем шаршаған болар,-деп есіне алады Гүлзада.
Қазір Гүлзаданың сәбиі туыстарының қарауында. Анасы оған Айлин деген есім беріп үлгерген. Жағдайы жақсарған келіншек осы жұмада үйіне шығып қалуы мүмкін. Кішкентай сәбиі мен 7 жастағы қызын көруге асығып отыр. Гүлзаданың екі бірдей өмірді аман алып қалған дәрігерлерге алғысы шексіз.

Неврология бөлімінің меңгерушісі Дон Қожақұловтың айтуынша, бұл сирек кездесетін жағдай. Алайда, науқас күтінбесе, ауру қайталануы да мүмкін.
Бұл Ақтөбедегі облыстық ауруханада инсульт алған жүкті әйелге жасалған кезекті сәтті ота. Биыл маусым айында дәрігерлер 28 жастағы шалқарлық келіншек пен оның сәбиін де ажалдан аман алып қалған болатын.

Жансая Есмағанбет 

 

http://kerek-info.kz/kerek-akparat/1290-atbede-zhkt-yelge-br-mezette-ek-brdey-ota-zhasaldy.html

Павлодарда нефрология және эфферентті терапия медициналық орталығы ашылдыАСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында тәулігіне бүйрек жетімсіздігі бар 100-ге жуық пациентті қабылдауға қауқары бар «BB NURA» бірегей нефрология және эфферентті терапия медициналық орталығы ашылды, деп хабарлайдыpavlodarnews.kz.

Медициналық орталық «ABM Investment Group» басқарушы компаниясы ЖШС арасындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында құрылды. Кәсіпорынның негізгі серіктесі - германиялық «B.Braun Avitum AG» компаниясы. Жекеменшік инвестор аталмыш жобаға 30 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған.

«BB NURA» ЖШС аймақтық филиалдың директоры Амангелді Қасеновтің айтуынша, бүгінгі күннен бастап облыста ерте диагностика мен оңалту кезеңдерін қамтитын медициналық көмек көрсететін нефрологиялық кластер құрыла бастады. Сырқаттарға көрсетілетін қызметтердің бірі - «Жасанды бүйрек» апаратының көмегімен қан тазарту. Сонымен қатар кеңестер беріліп, медикаментоздық көмек ұсынылады. Орталық жылына 48 мың процедура жасай алатын 25 «Dialog» атты жаңа құралдармен жабдықталған.

Аталмыш ЖШС мен облыстағы денсаулық сақтау басқармасы арасында жасалатын келісімшартқа сәйкес сырқаттар диеталық тамақтану мен қажетті ем қабылдау тегін жүргізіледі.

- Толық нефрологиялық қызмет науқастарға көмек көрсетудің барлық түрін қамтиды. Атап айтқанда, гемодиализді қоса алғанда (қанды бүйректен тыс тазарту) ерте диагностикалаудан бастап, алдын алуға дейін, тамырларды қалыптастыру, кеңес беру, диагностикалық және медикаменттік көмекпен қамтамасыз ету. Орталықтағы емдік шаралардың барлығы «Dialog» атты заманауи диализ аппаратымен жасалады. Науқастарды бүйрек алмастыруға дайындау үшін нефрологиялық қызмет бастапқы медициналық буынмен және республикалық орталықтармен бірлесе жұмыс жасалады. Орталық мамандары аймақтағы науқастардың барлығын диализ қызметімен толық қамтитын болады, - дейді нефрологиялық орталық бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Дүймағамбетов.

Ж. Дүймағамбетовтің айтуынша, павлодарлық сырқаттардың сараптама қорытындылары сырқаттарды бүйрек алмастыруға дайындау мақсатында жалпыреспубликалық мәліметтер базасында көрініс табады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, нефрологиялық орталықтың көмегіне зәру азаматтардың саны жыл саны артып келеді. Өткен жылы бұл санаттағы сырқаттардың саны 136 болса, биылғы жылы олардың қатарына 143-ке жеткен. Пациенттердің 69-ы - мемлекеттік, ал 74-і жекеменшік денсаулық сақтау мекемелерінің есебінде тұр.

- Бүгін еліміздегі ірі диализ орталығы ашылды. Бұл нысан бүйрек жетімсіздігіне шалдыққан азаматтардың қажеттіліктерін өтейді. Орталық алғашқы пациенттерін ертең қабылдай бастайды. Болашақта әйелдердің репродуктивті денсаулығын жақсартуға бағытталған кіші инвазивті хирургиялық оталар жасалады деп күтілуде, - дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Павлодарда нефрология және эфферентті терапия медициналық орталығы ашылды
Павлодарда нефрология және эфферентті терапия медициналық орталығы ашылды
Павлодарда нефрология және эфферентті терапия медициналық орталығы ашылды

 

 

Суреттерді түсірген -Светлана Воронова