Ауа райы
Мерекелер
Қайтып келдіСаясат әйелдердің ісі емес деп жатады. Бірақ, сол әйелдердің қолы тимеген сала жоқ десек, артық айтқандық емес. Бүгінде қоғамдағы әйелдердің саясат пен билікке, қоғамдық өмірге етене араласып кеткені ақиқат. Жоғарғы жақты былай қойғанда, төменгі жақта да саясатпен айналысқанда анау-мынау ер-азаматыңды он орап алатын нәзікжандылар жетіп артылады. Облыстағы сондай салмақты саясаткер әйелдердің қатарында Ақмарал Әлназарованың есімі жиі аталады.
Иә, оның саяси өсу жолы сатылы. Ең алдымен оны көпшілік ақ халатты дәрігер ретінде жақсы таниды.  Дәрігер-педиатр, экономист, медицина ғылымдарының докторы А.Шәріпбайқызының еңбек жолы қалалық балалар ауруханасынан басталып, одан  әрі облыстық балалар  ауруханасының бас дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары лауазымдарында жалғасты. Екі бірдей басқарманы да басқарды, медициналық  колледждің директоры да болды. Алайда алдыңғы жылдың ақпанында облыс билігінде орын алған ауыс-түйіс кезінде ақ халатын ақ жағаға алмастырған А.Шәріпбайқызы облыс идеологиясының тізгінін ұстағанда, таңданғандар аз болмады.
Екі жылға таяу уақытта, сол жолғы тағайындау барысында аймақ басшысы айтқанындай, саяси  технологияларды меңгерген тәжірибелі маман облыстық денсаулық сақтау, білім және  ғылым, мәдениет, әлеуметтік мәселелерге бас  қатырды.
Сөйтіп, колледж директорлығынан бірден жоғары  лауазымды  орынтаққа көтерілген А.Шәріпбайқызы былтырғы күзде облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидат ретінде тіркелгенде-ақ, оның тағы бір «құтты орынға» қонатынын ішіміз сезген. Солай болды да, алдымен №8 Төретам сайлау округінен депутат болып сайланып, артынша облыстық  мәслихаттың хатшысы  болып шыға келді...
Апта басында облыс әкімінің  өкімімен облыстық  денсаулық  сақтау  басқармасының басшысы лауазымына Ақмарал Әлназарова тағайындалды. Бүрсігүні оны облыс әкімі Қ.Көшербаев облыс активіне таныстырды. Ол А.Шәріпбайқызының  өмір жолын  баяндап, қай қызметте болмасын, білікті де білімді тұлға екенін дәлелдей білгенін, соңғы қызметінде де жақсы қырымен көзге түскенін  жеткізді.
Айта кету керек, соңғы үш жыл ішінде аймақтың әлеуметтік саласын дамытуға қыруар қаржы жұмсалып, жаңа  жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде денсаулық сақтау саласының нысандары жаңартылып, материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Бүйрек ауыстыру, жүрекке ота жасау сияқты оталарды жергілікті дәрігерлер жасауға жағдай жасалды. Ана мен  бала  денсаулығы да үнемі бақылауда. Халыққа көрсетілетін қызметтің 83 пайызы медициналық қызметке байланысты. Сондықтан медициналық қызметтің сапасын арттыру мәселесі  күн тәртібінен түскен емес. Бірақ бір нәрсе ақиқат, соңғы жылдары облысқа да, тіпті облыстық медициналық  орталыққа да бас   дәрігер  құтаймай-ақ қойды. Басшы кадрлар жиі ауысып, саланың «салдыр-салақ» күйге  түскенін жасырудың еш реті жоқ. Енді осы олқылықтың  орнын толтырып, барлық істің тігісін жатқызып, жүйелі жұмыстарды жалғастыру Ақмарал Әлназароваға жүктеліп отыр.
 
Н.ЕРТУҒАН
http://halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=4789%3A2015-11-05-06-18-55&catid=3%3A2011-11-18-09-00-35&Itemid=3