Ауа райы
Мерекелер

Елімізде мейіргерлік іс мамандығының оқытушылары үшін қазақстандық-финдік магистратура енгізіледіАСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдан бастап Қазақстандағы ЖОО мен колледждерінің мейіргерлік іс мамандығының оқытушылары үшін қазақстандық-финдік ортақ магистратураны енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы мейіргерлік істі дамыту. Мейіргерлік іс мамандарын даярлаудағы заманауи тәсілдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР ДСӘДМ Ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры Алма Сыздықова мәлім етті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.

Ол «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау секторындағы институционалдық реформаларды жүргізу мен технологияларды тарату» атты Дүниежүзілік банк жобасының аясында ҚР ДСӘДМ Финляндияның қолданбалы ғылымдар университеттері федерациясымен бірлесе отырып, 2014 жылдан бастап мейіргерлік іс мамандарын даярлауды жетілдіру бойынша шаралар өткізіліп келе жатқандығын айтты.

Қазақстандық мамандар ФУАС халықаралық сарапшыларымен бірлесе отырып, практикалық дайындығы басым білікті мейіргерлерді дайындауға бағытталған «Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасын жасады. 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аталған бағдарлама еліміздің алты медициналық колледжінің базасына пилоттық режімде енгізілді. Сонымен қатар 2016-2020 жылдарға арналған еліміздегі мейіргерлік білім беру жүйесін жетілдіру бойынша жол картасы әзірленді.

«Оның аясында мейіргерлік қызмет мамандарын дайындау оқыту бағдарламаларын жетілдіру, мейіргерлік білімді басқару қағидалары, медициналық колледждердің профессорлық-оқытушылық құрамының әлеуетін нығайту сияқты шаралар жүзеге асырылады. Жол картасын жүзеге асыру барысында ҚР ЖОО мен колледждеріндегі мейіргерлік іс оқытушылары үшін бірлескен қазақстандық-финдік магистратураны енгізу жоспарланып отыр», - деп хабарлады Алма Сыздықова.

Сонымен қатар ол медициналық колледждердегі оқытушылар мен басқарушы лауазымдарға халықаралық жетекші мамандар шақырылатынын айтты. Сондай-ақ мейіргерлік іс мамандарының регистрін жасау, мейіргерлік іс жоғарғы мектептері мен колледждерін қайта құру, медколледждер оқытушыларының біліктілігін арттыру бағдарламаларын енгізу жоспарланып отыр.

Астана медициналық колледжінің 80 жылдығына арналған конференция барысында ҚР ДСӘДМ, еліміздің медициналық колледждерінің, Омбы мемлекеттік медициналық университеті медициналық колледжінің (Ресей), қолданбалы ғылымдар университеттерінің федерациясы (Финляндия) өкілдер және өзге де мамандар Қазақстандағы мейіргерлік іс қызметін дамыту саласының өзекті мәселелерін талқылап, мейіргерлік іс мамандарын дайындаудың заманауи тәсілдері бойынша халықаралық серіктестермен тәжірбие алмасты.

 

http://inform.kz/kaz/article/2834254