Ауа райы
Мерекелер

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңы қабылдандыАСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңын қабылдады. Аталған заң Мемлекет басшысының 2017 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы тапсырмасын орындауды қарастырады.

Тұтастай алғанда, құжат азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқығын іске асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді қарастырады. Бұл ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бірнеше кезеңнен өтіп, әрбір кезең жұмыс беруші мен азаматтардың қатысу үлесін ұлғайтуды қамтитын болады.

«Осыған орай, құжатта азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің екі пакеті белгіленіп отыр. Оның біріншісі, базалық пакет немесе мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек. Бұл пакет азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз етуді көздейді және толықтай республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ бұл көмек түрлеріне жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік мәні бар аурулар, төтенше жағдайларда көрсетілетін медициналық көмектер, жаппай егу секілді бірқатар көмектер жатады. Ал ондай көмектер Қазақстанның барлық азаматтары мен оралмандары үшін қолжетімді болады», - дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Екіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылатын қосымша пакет көзделеді. Бұл базалық пакетке кірмейтін қосымша медициналық көмек түрлерін қамтиды. Олардың ішінде амбулаториялық емханалық көмек, стационарлық және оны алмастыратын көмек, жоғары технологиялар қолданылатын медициналық көмек түрлері қамтылады.

«Қосымша пакет тек міндетті Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға тиесілі әрі қолжетімді болмақ. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекеттің, жұмыспен қамтушының және жұмыс берушілер мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың міндетті сақтандыру төлемдерінен құрылатын болады. Бұл ретте жұмыс берушілер өз жұмысшылары үшін еңбекақы қорынан бес пайыз, жұмысшылар 2 пайыз, өзін-өзін еңбекпен қамтамасыз етушілер көрсетілген табысынан 7 пайыз жарна төлейтін болады. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты жарналар 2017 жылдан бастап біртіндеп өседі және корпоративтік жеке салықтарды есептеу кезінде шегерілетін болады», - дейді Т.Дүйсенова.

Министрдің сөзіне қарағанда, міндетті төлемдерді шоғырландыру үшін коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылады. Бұл ретте жұмыс берушілердің аталған Қорға төленуге жататын аударымдарының мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап аударымдар есептелетін нысанның - 2 пайызын, 2018 жылдан бастап - 3 пайызын, 2019 жылдан - 4 пайызын, 2020 жылы 5 пайызын құрайды. Ал жұмысшылардың қорға аударатын төлемдері 2019 жылдың қаңтарынан бастап - 1 пайызын, 2018 жылдан бастап 2 пайызын құрамақ.

Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Автор:Қанат Мәметқазыұлы

http://inform.kz/kaz/article/2833591